Read the original announcement in English

Бүгін Telegram өзінің 10 жылдығын тарихымыздағы ең ірі жаңартумен атап өтеді. Өткен онжылдықта біз қазіргі уақытта 800 миллионнан астам адам қолданатын жүздеген жаңа функцияларды енгіздік. Бұл жаңартуда біз бірегей қос камера режімі, егжей-тегжейлі құпиялық баптаулары, икемді көрсетілім мерзімі және т.б. мүмкіндіктері бар хикаяларды іске қосамыз.
Жаңа дауыс беру жүйесінің арқасында арналар мен топтар да хикаялар жариялай алады.
Хикаялар сәттермен жылдам бөлісуге және достарыңыздың өмірінен көбірек ақпарат алуға мүмкіндік береді, енді олар Telegram-да қолжетімді.
Бұл Telegram тарихындағы ең көп сұралған функция болды, біз оны жетілдіру және жаңа инновациялар енгізу үшін бірнеше ай жұмсадық. Хикаялар сіз күткен барлық мүмкіндікті және бұрын-соңды еш жерде жасалмаған көптеген жаңа дүниелерді қамтиды.
Хикаялар экранның жоғарғы жағындағы кеңейтілетін бөлімде көрсетіледі, осылайша сіз чат тізімі мен қалталардың толық көрінісін сақтап қаласыз.
Хикаяны көргенде, онымен бөлісу, жеке жауап беру немесе реакция білдіру үшін жылдам басуға болады, жай ғана бассаңыз
қойылады, ал басып тұрсаңыз, жүздеген басқа реакцияларды қолдана аласыз.
Әдетте, негізгі бетте барлық контактіңіздің хикаяларын көресіз. Бірақ нақты бір адамдардың хикаяларын жасырып, оларды мұрағатталған чаттарға жіберуіңізге болады.
Көріністі барлық қырынан түсіру үшін, хикаяларды құрылғыңыздың алдыңғы және артқы камерасымен бір мезгілде суретке немесе бейнеге түсіре аласыз. Тіпті түсірілім кезінде де қай камераның қай жерде тұратынын таңдауға болады.
Хикаялар Telegram-ның қуатты медиа өңдегішін қолданады. Бұл мәтін, суреттер, стикерлер қосуға немесе тұрған орныңызды белгілеуге мүмкіндік береді. Көбірек мән беру үшін хикаялар сипаттамаларды қолдайды: бұнда ұзақ мәтін жазуға, достарыңызды белгілеуге немесе сілтемелер қосуға болады.
Галереяңыздан бірнеше сурет қоса аласыз немесе ғаламтордан GIF-тер мен суреттерді табу үшін іздеуді қолдана аласыз.
Хикаяны жариялаған кезде 4 құпиялық баптауының бірін таңдай аласыз: Бәрі, контактім, жақын достар және таңдаулы. Әрбір теңшеуді толығымен реттеп, кез келген қолданушыны қосуға немесе алып тастауға болады.
Хикаяңызды ешқашан көрмейтін адамдардың тізімін де жасауға болады, осылайша бастығыңыз немесе әжеңіз «экстремалды» қырларыңызды білмей-ақ қояды. ![]()
Құпиялықты одан әрі күшейту үшін, көрермендерге хикаяны сақтауға немесе бөлісуге жол бермейтін скриншот жасауды шектеу функциясын қоса аласыз.
Хикаялар таңдауыңыз бойынша 6, 12, 24 немесе 48 сағат сақталуы мүмкін. Оларды бейініңізге жариялап, әдемі тор түрінде реттей аласыз, осылайша ескі де, жаңа да таныстарыңыз өміріңіздің ең қызықты сәттерін сіз қалағанша көре алады.
Енді Telegram-да жаңа адамдармен танысқанда, бірнеше бейін суретін ғана емес, олардың өмірінен қызықты сәттерді де көре аласыз.
Бейінге салған әрбір хикаяның бөлек құпиялық баптауы болады, қай хикаяны кім көре алатынын әрдайым бақылауда ұстайсыз.
Әлеуметтік желілер тарихында алғаш рет сіз өз хикаяңыздың кез келген элементін кез келген уақытта жаңарта аласыз. Оны жойып, қайтадан жүктемей-ақ, оның көрінуін, сипаттамасын, экрандағы мәтінін, стикерлерін немесе басқа да кез келген нәрсені өзгертуге болады.
Хикаяны өңдеу үшін оны жариялаған құрылғыңызда ашып, ⋮ немесе ⋯ > «Өңдеу» басыңыз.
Қолданушы хикаяны ашқанда, ол авторға көрінетін көрерушілер тізімінде пайда болады (оқылғанды растау белгісі сияқты).
Хикая жариялағаннан кейін оны ашып, тізімді көре аласыз. Тізімді тек контактілерді көрсету үшін сүзуге немесе соңғы көргендер немесе реакциялар бойынша сұрыптауға болады. Белгілі бір адамның көрген-көрмегенін білгіңіз келсе, оның атын іздеу жолағына жазыңыз.
Толық анонимділік үшін Premium қолданушылары Жасырын режімді қоса алады, бұл соңғы 5 минутта ашқан хикаялардан олардың ізін өшіреді және алдағы 25 минут ішінде не көретіндерін жасырады.
Бұл мақалаға сыймаған хикаялардың барлық мүмкіндігін білу үшін Telegram хикаялары бойынша мына толық нұсқаулықты қараңыз.
Тамаша 10 жыл үшін баршаңызға рахмет. Бұл мерекені бізбен бірге тойлағыңыз келсе, біздің бас директорымыздың осы оқиғаға байланысты ойларын оқи аласыз ![]()
Ал біз, қолда торт, келесі жаңартумен жұмыс істеп жатырмыз.
2023 жылы 14 тамыз
Telegram командасы